Қазақстанда баға белгілеудің жаңа ережесі енгізілді

Баға белгілеудің жаңа ережесі туралы Астана қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ілиясов елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Спикердің айтуынша 2025 жылғы 11 қазаннан бастап Қазақстан Республикасында 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 бұйрықпен бекітілген Ішкі сауда қағидаларына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Тиісті түзетулер Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 26 қыркүйектегі № 276-НҚ бұйрығымен енгізілді.

— Бұл өзгерістер баға белгілеудің ашықтығын арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасының өсуін тежеуге, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған, — делінген хабарламада. 

Баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қағидалардың 2-тармағы 28-1) және 69-1) тармақшаларымен толықтырылып, «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көтерме жеткізушісі» және «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өндірушісі» ұғымдары енгізілді.

Нақты анықтамалардың белгіленуі жеткізу тізбегіндегі қатысушыларды айқындауға және өнімсіз делдалдарды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл негізсіз сауда үстемелерін азайтып, халық үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының түпкілікті бағасын төмендетуге ықпал етеді.

— Ереженің 8-тармағы жаңа редакцияда баяндалып, баға жапсырмаларын рәсімдеуге бірыңғай талаптар белгіленді. Енді ішкі сауда субъектілері, оның ішінде электрондық коммерция қатысушылары бір тауарға бір ғана баға көрсетуге міндетті, — деп жазды әкімдіктен.

Поделиться

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *