Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Хосе Антонио Кастты Чили Республикасының президенті лауазымына сайлануымен құттықтады. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қазақстан президенті жеделхатта Чили елінің алдағы уақытта қарқынды дамуын жалғастырып, халықаралық аренадағы беделі арта түсетініне сенім білдірген.
Қасым-Жомарт Тоқаев Хосе Антонио Касттың жауапты қызметіне толайым табыс, ал достас Чили халқына құт-береке тіледі.
Естеріңізге сала кетейік, Республикалық партия өкілі 59 жастағы Хосе Антонио Каст Чилидегі президент сайлауында жеңіске жеткен еді.
Каст сайлау алдындағы науқан кезінде қылмысқа және заңсыз көші-қонға қарсы күресте қатаң шаралар қолданатынын мәлімдеген болатын.
Ол тіпті жүздеген мың заңсыз мигрантты (негізінен венесуэлалықтарды) жер аударып жіберетінін уәде етті.

